Шымкент қалалық сотында Наурыз мейрамы аталып өтті

OSTOV Hub QAZAQSTAN

Бүгін Шымкент қалалық сотында Наурыз мейрамына арналған салтанатты іс-шара өтті.

Салтанатты шараны Шымкент қалалық сотының төрағасы Е.Рахымбеков ашып, барша жиналғандарды жарқын Наурыз мейрамымен құттықтады. «Міне, бүгін, «Жаңа жыл келді, ырзық келді» деп, Наурызды – берекелі бірлік пен ынтымақтың бастауы ретінде қабылдап, жадыраған жайдарлықпен бүкіл ұжым болып қарсы алып отырмыз. Ұлыстын Ұлы күні қарсаңында қарсаңында Сіздерді алдағы келе жатқан көктемнің шуақты мерекесі, рухани тазару мен үйлесімнің, бейбітшілік пен берекенің символы саналатын Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!»-деді ол.

Одан кейін сөзді сот алқаларының төрағалары Е.Жанғазин мен М.Пәрменов алып, әріптестерін мерейлі мерекемен құттықтап, «Әз-Наурыз – жаңару мен жаңғырудың бастауы. Наурыз – ең алдымен қазақтың мәдени мұрасын ұлықтап, ұлттық құндылықтарымызды ерекше қадірлеудің жарқын айғағы» – деп  атап өтті.

Ал, Шымкент қаласы бойынша Соттар әкімшісінің басшысы Б.Мейірханов: «Өткен жылы әлемді жайлаған қатерлі індет арамыздан әлі де кете қойған жоқ, яғни қауіп әлі де бар екені баршаңызға мәлім. Сондықтан да, биыл Наурызды бұрынғыдай қаланың барлық судьялары мен сот қызметкерлерінің басын қосып атап өте алмай отырмыз. Дегенмен, қатерлі індеттен ертерек арылсақ, келер жылы осы Ұлық мейрамға төрт көзіміз түгел жиналып, сән-салтанатпен тойлаймыз деп үміттенемін» – деді.

Жиын барысында сот жүйесін дамытуға қосқан салмақты үлесі үшін Аида Сүйерқұлқызы Чокморова I және ІІ дәрежелі «Сот жүйесінің үздігі» төс белгілерімен наградталды. Дәл осындай І дәрежелі «Сот жүйесінің үздігі» төсбелгісін Абай аудандық сотының бас маманы А.Дариева да иеленді. Ал, Шымкент қалалық сотының судьялары Л.Тәкішева, Б.Нәсірдинов, С.Мырзахметов пен Еңбекші аудандық сотының судьясы М.Шертаева қызметтік міндеттерін тиісті дәрежеде атқарғаны үшін Шымкент қалалық соты төрағасының «Алғыс хатымен» марапатталды.

Сонымен қатар, өз қызметтік міндеттерін мінсіз және сапалы атқарып жүргені үшін Соттар әкімшісінің бас маманы А.Барлыбай, жетекші маманы А.Абуов, Әл-Фараби аудандық сотының бас маман-сот мәжілісінің хатшысы Н.Тоқтасын, Еңбекші аудандық сотының сот приставы Е.Қансейітов, Шымкент қаласының мамандандырылған тергеу сотының сот приставы Е.Дүйсебаев, Шымкент қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының жетекші маманы М.Ахметова және аула сыпырушылар Н.Шымырбеков пен М.Исаев Шымкент қаласы бойынша Соттар әкімшісінің «Алғыс хатымен» марапатталды.

Шараның ресми бөлігі мерекелік концертпен жалғасып,  «Наурыз көжеден» дәм татумен аяқталды.

Оставить коментарий

Ваш электронный адрес не будет опубликован. Обязательные поля помечены *