А. Мамин ЕАДБ отырысын өткізді – Банктің 2022-2026 жылдарға арналған стратегиясы бекітілді

OSTOV Hub QAZAQSTAN

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Еуразиялық даму банкі (ЕАДБ) кеңесінің отырысында ЕАДБ-ның 2022-2026 жылдарға арналған стратегиясы бекітілді.

Алдағы кезеңде ЕАДБ интеграциялық тиімділігі бар трансшекаралық инвестициялық жобаларды іске асыруға назар аударады. Бес жылдық кезеңде банк инвестицияларының жиынтық көлемі $10,9 млрд құрайды.

ЕАДБ-ның күш-жігері «Еуропа-Батыс Қытай» көлік-цифрлық дәлізі, ЕАЭО+ бірыңғай тауар өткізу желісі және Орталық Азияның су-энергетика кешені сияқты ірі инвестициялық жобаларды іске асыруға бағытталатын болады.

Аймақтың макроэкономикалық сипаттамаларын ескере отырып, банкке қатысушы елдердің әрқайсысы бойынша жекелеген стратегия әзірлеу жоспарлануда. Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу мақсатында ЕАДБ Армения, Қырғызстан және Тәжікстандағы инвестициялардың жиынтық мөлшерін $500 млн дейін жеткізе отырып, миноритарлық акционерлер елдеріндегі жобалау қызметін кеңейтеді.

ЕАДБ жұмысының басым бағыттарының бірі ЕАЭО+ бірыңғай цифрлық кеңістігін қалыптастыру шеңберінде цифрлық құзыреттер мен инфрақұрылымды одан әрі дамыту болады. Қойылған міндеттерді іске асыру үшін 2020 жылғы маусымда банкте Цифрлық бастамалар қоры құрылды, ол қазіргі уақытта 20-ға жуық жобаны пысықтауда. Қордың алғашқы іске асырылған жобасы келушілердің ПТР-тестілеуі туралы деректерді мемлекетаралық деңгейде верификациялауға арналған «COVID-19-сыз саяхат» мобильді қосымшасы болды.

2027 жылға қарай ЕАДБ ұлттық және халықаралық даму институттарының қатысуымен аймақта жаңа жобаларды қаржыландыру, құрылымдау және ұйымдастыру бойынша көшбасшы болуға ниетті. Бұл ретте А санатындағы кредиттік рейтинг алу үшін акционерлер құрамын кеңейту және банк капиталына қосымша қаражат тарту жоспарлануда.

2020 жылы ЕАДБ 18 жаңа жоба бойынша $1,336 млрд-қа келісімге қол қойды. Банктің ағымдағы инвестициялық портфелі оның қызмет еткен барлық жылдарындағы ең жоғарғы мәнге – $4,4 млрд-қа дейін ұлғайды. Бұл ретте интеграциялық әсері бар жобалардың үлесі 64,3% құрады. 2020 жылы таза пайда $32,6 млн құрады.

Банктің қаржылық тұрақтылығы Moody’s – Baa1, Fitch – BBB+, Standard & Poor’s – ВВВ, АКРА – А- рейтинг агенттіктерінің жоғары бағаларымен расталады. Ұлттық шкала бойынша рейтингтер: Fitch – AAA (KAZ), АКРА – AAA (RU).

ЕАДБ «жасыл экономиканы» дамытуды қолдауға ерекше назар аударады – жаңартылатын энергия көздері саласындағы жаңа жобаларды қаржыландыру қамтамасыз етілді, «Астана» халықаралық қаржы орталығы жанындағы жасыл қаржы орталығының жарғылық капиталындағы үлесі сатып алынды, осы салада БҰҰ ұйымдарымен бірлесіп белсенді жұмыс жүргізілуде.

Қатысушы елдердің ұлттық банктеріндегі ЕАДБ корреспонденттік шоттары арқылы ұлттық валюталарда трансшекаралық төлемдерді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін банктің есеп айырысу-төлем жүйесі табысты жұмыс істеуде.