15. September 2019

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Nur Otan» партиясының Саяси кеңесі Бюросының отырысы өтті

OSTOV Hub QAZAQSTAN

Басқосуда партия бағдарламаларын жүзеге асыру барысы және алдағы кезеңдегі жұмыстың басым бағыттары қаралды.

Елбасы «Nur Otan» партиясының 20 жыл ішінде еліміздің қуатты саяси күшіне айналғанын атап өтті.

– Ең қиын жылдары партиямыз халық пен саясаткерлерді бір бағытта жұмыс істеуге жұмылдырды. Біз бейбітшілік пен ұлтаралық келісімді, саяси тұрақтылықты сақтадық. Соның арқасында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткіздік. Бұл біздің елімізге дағдарыс қыспағынан шығуға, инвестиция тартуға, мыңдаған жаңа кәсіпорын және жұмыс орындарын ашуға, ең бастысы, тәуелсіздігімізді сақтауға және нығайтуға мүмкіндік берді, – деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев жаһандық өзгерістерге байланысты партия алдында жаңа әрі күрделі міндеттер тұрғанын атап өтті.

– Қазақстан тез дамып келе жатқан елдер сияқты «орташа табыс қақпанына» тап болды. Дүние жүзінде орта таптың табысына қатысты тоқырау бар екенін көріп отырмыз. Теріс жаһандық трендтердің де ықпалы артып келеді, – деді партия Төрағасы.

Елбасы азаматтардың сұраныстарына да уақтылы жауап беру қажеттігін атап өтті.

– Қиындықтарға қарамастан, 2050 жылға дейінгі Стратегияда көзделген басты мақсат – озық дамыған 30 елдің қатарына кіруді, яғни қазақстандықтардың тұрмыс сапасын алдыңғы қатарлы елдер деңгейіне көтеруді ұмытпауымыз керек. Бұған қол жеткізу үшін, ең алдымен, тұрақтылық, бірлік және барша қазақстандықтардың қажырлы еңбегі қажет. Мұны әрқайсымыз жете түсінгеніміз жөн. Озық дамыған 30 елдің барлығы да осы жолдан өткен, – деді Тұңғыш Президент.

Нұрсұлтан Назарбаев 2050 жылға дейінгі дамудың стратегиялық бағдарының мақсаттарына қол жеткізу үшін партия тарапынан атқарылып жатқан жұмыстың басым бағыттарына тоқталды.

– Сондықтан партиямыз, біріншіден, қоғамды жұмылдырып, елдің саяси басшылығының бірлігін нығайтуы керек. Ішкі бірлік пен келісім болған кезде ғана алға ілгерілеу болады. Екіншіден, бізге нақты партиялық бірегейлік және қатаң тәртіп, сондай-ақ атқарушы биліктің жауапкершілігі қажет, – деді партия Төрағасы.

Елбасы Мәжіліс пен мәслихат сайлауына сапалы дайындалудың маңыздылығын атап өтті.

– Алдымызда маңызды науқан – Мәжіліс депутаттарының сайлауы бар. Заңнамаға былтыр енгізілген өзгерістерге сәйкес, мәслихаттардың келесі сайлауы Мәжіліс сайлауы сияқты алғаш рет партиялық тізім бойынша өтеді. Біз жеңіске жетуді және ұзақ мерзімді саяси көшбасшылықты көздеп отырмыз. Сондықтан алдағы сайлау науқанына бүгіннен бастап дайындалуымыз керек, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Сонымен қатар, Елбасы барлық мүдделі азаматтарды мемлекеттің өзекті әлеуметтік-экономикалық проблемаларын шешу үшін партияға қосылуға шақырды.

– Біз өз ұсыныстарын айтқан белсенді азаматтар мен блогерлерді көріп, естіп отырмыз. Егер олар шынымен де ел тағдыры үшін алаңдайтын болса, ұсынылған идеяларын жүзеге асыру үшін партиямен бірге жұмыс істеуге шақырамыз, – деді партия Төрағасы.

Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің өңірлеріндегі тұрғындардың проблемаларын шешу үшін «Nur Otan» партиясының жұмысын жандандыру қажеттігін атап өтті.

– «Nur Otan» партиясының міндеті – тиімді қоғамдық және партиялық бақылау орнату, халыққа берілген барлық уәделерді сапалы орындау. Сондай-ақ, «5 институционалдық реформаны»,  партияның 2021 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламасын, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бағдарламасын жүзеге асыру. Бұл құжаттардың бәрі қазақстандықтардың тұрмысын жақсартуға бағытталған, – деді Елбасы.

Сонымен бірге, «Nur Otan» партиясының Төрағасы қоғамның партияға деген сенімін арттыру үшін ақпараттық-идеологиялық стратегияны қабылдау маңыздылығына баса мән берді.

– Өзекті мәселелер туралы ашық айтып, олардың жергілікті жерде шешілуіне атсалысу керек. Біздің міндетіміз – қоғамның сенімін арттыру. Бұл үшін бүкіл қоғамның, саяси күштердің, бизнестің, зиялы қауымның, сарапшылар мен азаматтардың диалогы қажет. Қолда бар барлық алаңды пайдалануға тиіспіз. Нақты мәселелерді шешуге бағытталған жұмыс жүргізу қажет. Біз азаматтарымыздың болашаққа нық сеніммен қарауына жағдай жасауымыз керек, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Саяси кеңес Бюросының отырысында «Nur Otan» партиясының партиялық тізімі бойынша Парламент Мәжілісі депутаттарының мандаттарын Г.Н.Әбдіқалықоваға, Н.Б.Әлімжановқа, Н.К.Әшімбетовке және Ж.Қ.Омарбековаға беру туралы шешім қабылданды

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының Баспасөз қызметі 

Оставить коментарий

Ваш электронный адрес не будет опубликован. Обязательные поля помечены *