09. December 2019

Қазақстанда өткен Армия халықаралық ойындары аяқталды

 

Бүгін, 15 тамызда, Қазақстанның «Отар» 40-ншы әскери базасының полигонында өткен әскери ойындардың салтанатты жабылуы, сондай-ақ жеке және командалық сынақта үш конкурстың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімі өтті.

Аталған ойындардың бірі «Сенімді қабылдау» сайысында біздің әскери байланысшылар нағыз жеңімпаз атанды, ал екінші орынды Ресей мен Қытай өзара бөлісті, үшінші орын – Беларусь елінің еншісінде.

Бұдан өзге, сайыста жоғары кәсібилік көрсетіп, жеке аталымдар мен марапаттарға ие болған бірқатар қатысушы атап өтілді. Байланысты қабылдауда және тыңдауда қазақстандық команданың сержанты Нұрбол Алдабергенов үздік радиотелеграфист деп танылды. Біздің команданың тағы бір өкілі кіші сержант Дидар Сейсебаев радиобағдарлау бойынша үздік спринт және үздік маман ретінде аталды. Сайыстың үздік мергені – Беларусь командасының аға лейтенанты Евгений Бриль, радиобағдарлама беру жөніндегі үздік радиотелеграфист – Қытайлық кіші сержант Хуан Шэн.

Ұшқышсыз ұшу құрылғылары есептоптарының арасындағы «Сұңқар салу» сайысында Қазақстан бірінші орын алды. Команда қарсыластарын дайындық жылдамдығы мен ұшқышсыз ұшу құрылғыларының ұшу нәтижелерімен анықтады, бақылау нүктесінің бағытымен ұшып өтуде біздікілер үздік нәтиже көрсетті. Екінші орын Ресей мен Беларусь, үшінші орын – Иранның қанжығасына байланды.

Жеке сынақта ирандық капитан Моххамад Дехган ҰҰҚ үздік операторы атанды, үздік мерген – Беларусь аға  лейтенанты Владислав Ростовский, ал Ресейлік капитан Дмитрий Посевин ҰҰҚ үздік техник деп танылды.

Армия ойындарының ауқымды конкурстарының бірі – «Артиллерия атысының шеберлері» – алтын медаль Қазақстан әскери қызметшілерінің қоржынында, күміс жүлдеге Ресейліктер лайық десе, ал қола жүлде Өзбек ағайындарға бұйырды.

Бұл сайыста Қазақстан командасының бірінші мина атқыштар тобы үздік мина атқыш есептоп атанды, қазылар алқасының шешімі бойынша біздің әскери қызметші – Ғайбутдин Әбдірахманов өзін үздік граната атқыш ретінде көрсетті.  Аға сержант Вячеслав Емельянов (Ресей) үздік мина атқыш командирі, сержант Фарух Одилов (Өзбекстан) үздік механик, ал сержант Хикмет Атакашиев (Әзербайжан) үздік көздеуші атанды.

Қазақстан әскери ойындарды өз жерінде төрт жыл қатарынан өткізуде. Жыл сайын елімізге түрлі елдерден және контигенттерден әскери кәсіпқойлар халықаралық деңгейдегі шеберліктерін көрсетуге келеді.

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі